Пресс-центр/
Жаңалық

Kazsat жерсеріктері еліміздің ақпараттық қауіпсіздігін қалай қамтамасыз етеді

Автор - Нургалиева Сара Кабиевна
Аудармашы - Алуа А. Сарбалина
Күн: 28.04.2022

НҰР-СҰЛТАН. ҚАЗАҚПАРАТ – «Қазсат» ұлттық жерсеріктік байланыс және хабар тарату жүйесінің маңызды міндеттерінің бірі – Қазақстандағы қасіретті қаңтар күндері әсіресе айқын көрінген еліміздің ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Негізгі жүктеме бүгінде еліміздегі барлық телехабарлар жұмыс істейтін «Kazsat-3» геостационарлық телекоммуникациялық жерсерігіне түсті. Бұл туралы «Қазақпарат» ХАА тілшісіне берген қысқаша сұхбатында «Республикалық ғарыштық байланыс орталығы» АҚ (РҒБО) Төрағасының орынбасары Шоқан Свогузов айтты.

- Шоқан Ғалиханұлы, Қазақстанның барлық абоненттерін «Kazsat-3» жерсерігіне көшіру қашан болды?

- Бүгін РҒБО ұжымы үшін айтулы күн – осыдан тура 8 жыл бұрын, 2014 жылдың 28 сәуірінде орбитада сәтті жұмыс істеп жатқан Байқоңыр ғарыш айлағынан қазақстандық «Kazsat-3» жерсерігі ұшырылды. Ғарыш кемесі өзінің орбиталық-жиілік ресурсына ие және 58,5° шығыс бойлық нүктесінде орналасқан. «Kazsat-3» пайдалануға берілгеннен кейін екі жыл өткен соң цифрлық және жерсеріктік телевизияның ұлттық операторы «Қазтелерадио» АҚ қазақстандықтарға сапалы жаңа телевизия ұсынды. Бұл жаңа қазақстандық «Kazsat-3» жерсерігіне көшудің арқасында мүмкін болды. Бұған дейін «OTAU TV» жерсеріктік телевидениесі шетелдік жерсерігінен таратылған, қазақстандық жерсерікті таңдау - патриоттық сезіммен ғана емес, экономикалық орындылығымен де, ең бастысы, еліміздің ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз етумен байланысты болатын.

Мысал келтіре аласыз ба?

- Қаңтар оқиғасы кезінде РҒБО басшылығы, Алматы және Ақмола облыстарындағы ғарыштық байланыс орталықтарындағы біздің мамандар жедел режимде жұмыс істеді. Бүкіл елді жерсеріктік байланыспен үздіксіз қамтамасыз ету жөніндегі жауапты міндетімізге қоса, біз мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасай отырып, еліміздің ақпараттық қауіпсіздігін қорғау бойынша қажетті ден қою шараларын қабылдауға кез келген уақытта дайын болдық. Ол байланыс және телехабар тарату объектілері туралы болды. Осындай дағдарысты сәтте өзіміздің жерсеріктік шоқжұлдызымыздың болуы ғана отандастарымызға елдегі жағдай туралы сенімді ақпаратты жеткізуге, лаңкестердің телевизиялық эфирді қабылдауына жол бермеуге мүмкіндік берді. Тек өзіміздің ұлттық жерсеріктік байланыс жүйесі ғана еліміздің ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз етеді, ал оның сапалы қызмет көрсетуі және одан әрі дамуы Қазақстан үшін өте маңызды.

«Kazsat» ұлттық ғарыш жүйесінің даму болашағы қандай?

- Бүгінгі таңда Қазақстанның ғарыштық байланыс және хабар тарату жүйесінде екі жерсерігі – «Kazsat-2» және «Kazsat-3» бар. 2021 жылы біздің РҒБО мамандары ғарыштық байланыс жүйесін (ҒБЖ) әзірлеушімен тығыз ынтымақтастықта техникалық аудит жүргізді, нәтижесінде «Kazsat-2» жерсерігінің болжамды қызмет ету мерзімі 2023 жылдан 2026 жылдың соңына дейін ұзартылды. Ал бүгінгі «туған күн иесі» – «Kazsat-3» жерсерігіне келетін болсақ, бұл анағұрлым қуатты, техникалық жабдықталған ғарыш аппараты қалыпты жұмыс істеп тұр, бүгінде оның жүктемесі 79% құрап отыр. Үшінші қазақстандық байланыс жерсерігінің қызметтерін 12 байланыс операторы пайдаланады, оның 10 мыңнан астам станциясы бар. «Kazsat-3» жерсерігінің қызмет ету мерзімі 2029 жылы аяқталады. 2023 жылдан бастап біз ауыстыратын «Kazsat-3R» жерсерігін жасай бастаймыз деп жоспарлануда. Бүгінгі күннің сын-қатерлері бізден отандық байланыс және хабар тарату жүйесін, халықаралық ынтымақтастықты одан әрі дамыту бойынша дұрыс шешімдер қабылдауды талап етеді. Қазірдің өзінде РҒБО Орталық Азия елдеріндегі көршілерімізге ғарыштық байланыс қызметін көрсетеді.

Сұхбатыңызға рахмет, Қазақстанның ғарыштық байланыс мамандарына жаңа табыстар тілейміз!

https://www.inform.kz/ru/kak-sputniki-kazsat-obespechivayut-informacionnuyu-bezopasnost-strany_a3927796