Пресс-центр/
Жаңалық

Қазақстан Республикасының мемлекет қайраткері Оралбай Әбдікәрімов «Ақкөл» ҒБО болды.

Автор - Нургалиева Сара Кабиевна
Аудармашы - Алуа А. Сарбалина
Күн: 07.06.2021

АҚКӨЛ. ЖЕКЕ АҚПАРАТ – «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы республикалық жалпыұлттық қозғалысының жетекшісі Оралбай Әбдікәрімов Ақмола облысының Ақкөл ауданына жұмыс сапары аясында «Kazsat» ғарыш аппараттарын жерүсті басқару кешені - «Ақкөл» ғарыштық байланыс орталығында болды.

Оралбай Әбдікәрімұлы Әбдікәрімов - Қазақстанның белгілі мемлекеттік және қоғамдық-саяси қайраткері. Ол ҚР Парламенті Сенатының төрағасы, елдің Мемлекеттік хатшысы, ҚР Президент Әкімшілігінің басшысы, Мемлекет басшысының кеңесшісі, ҚР Парламентінің Сенат депутаты болды.

Ақкөл ауданы әкімінің орынбасары Алмас Алинмен бірге мәртебелі мейманды «Республикалық ғарыштық байланыс орталығы» АҚ (РҒБО) басшылары ғарыштық инфрақұрылым объектісінде қарсы алды.

Ғарыштық байланыс мамандары «Ақкөл» ҒБО-на экскурсия жүргізіп, оның функционалдығы, қазақстандық «Kazsat» жерсеріктік жүйесінің жұмысы туралы айтып берді. Бүгінгі таңда «Ақкөл» ғарыштық байланыстың негізгі орталығынан басқарылатын, сондай-ақ «Көктерек» ҒБО-нан резервтеу жүргізілетін «Kazsat-2», «Kazsat-3» қазақстандық байланыс және хабар тарату жерсеріктері елдің тұтынушыларын ғарыштық байланыс қызметтерімен толық қамтамасыз етеді.

«Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы республикалық жалпыұлттық қозғалысының жетекшісін компанияның кадрлық саясаты, ғарыштық байланыс мамандары біліктілігінің өсуі, қазақстандық байланыс және хабар тарату жерсеріктерін топтастыруды одан әрі дамыту мәселелері қызықтырды.

Қазақстан мемлекеттілігінің негізін қалаушылардың бірі О.Әбдікәрімовпен кездесу ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мерейтойлық жылының аясында өтті. Оралбай Әбдікәрімұлы жоғары мемлекеттік лауазымдарда бола отырып, өзінің алғашқы қазақстандық «Kazsat» жерсеріктік жүйесін құруға куә болғанын және қатысқандығын айтып, елдің ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі қазақстандық ғарыш байланысы мамандарының жұмысының маңыздылығы мен жауапкершілігін атап өтті.

Соңында О.Әбдікәрімов «РҒБО» АҚ өкілдеріне қызықты кездесу үшін алғыс білдіріп, оларға жаңа еңбек жетістіктерін тіледі.