Пресс-центр/
Жаңалық

Қазақстан мен Өзбекстан ғарыш саласындағы ынтымақтастықты дамытуда

Автор - Нургалиева Сара Кабиевна
Аудармашы - Сауле К. Сулейменова
Күн: 15.12.2020

НҰР-СҰЛТАН. ҚАЗАҚПАРАТ – Өзбекстан Республикасы Министрлер кабинеті жанындағы ғарыштық зерттеулер мен технологиялар агенттігінің делегациясы («Өзбекғарыш») Қазақстанға жұмыс сапарымен келді, - деп хабарлайды «Қазақпарат» ХАА тілшісі.

Ғарыштық зерттеулер мен технологиялар агенттігі бас директорының міндетін атқарушы Шухрат Қадыров бастаған өзбек делегациясы Қазақстанның ғарыштық инфрақұрылым нысандарын аралап, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Аэроғарыш комитеті мамандарымен және кәсіпорындарының басшыларымен кездесті.

Сапар соңында ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусинмен кездесті. Ғарыш қызметі саласындағы ынтымақтастықты дамыту, атап айтқанда, Жерді қашықтықтан зондтау қазақстандық жүйесінің (ЖҚЗ) және Қазақстанның ғарыштық байланыс жүйесінің мүмкіндіктерін пайдалану мәселелері талқыланды, - деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.

Қонақтарға ауыл шаруашылық жерлері мен қала құрылысының мониторингі бойынша әзірленген геопортал жобалары таныстырылды. Кездесуде Өзбекстан аумағында «Kazsat» байланыс және хабар тарату спутниктік жүйелер қызметтерін көрсету үшін бірлескен кәсіпорын құру туралы ұсыныс аталып өтті. Сондай-ақ, Тараптар ҚР ЦДИАӨМ дайындаған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы ғарыш кеңістігін бейбіт мақсаттарда зерттеу және пайдалану саласындағы ынтымақтастық туралы келісім жобасын талқылады.

Жұмыс кездесулері мен келіссөздердің қорытындылары бойынша Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Аэроғарыш комитеті мен Өзбекстан Республикасының Министрлер Кабинеті жанындағы Ғарыштық зерттеулер мен технологиялар агенттігі арасында Ғарыш қызметі саласындағы ынтымақтастықты дамыту ниеті туралы хаттамаға қол қойылды.

Өзбекғарыш делегациясы Қазақстанмен ғарыш саласында одан әрі ынтымақтастыққа, елдер арасындағы берік байланыстар мен тәжірибе алмасуға үміт білдірді.

Қазақстан тарабы Өзбекстанмен әріптестікке үлкен үміт артатынын және ғарыш қызметін құру мен дамытуда барынша көршілерге қажетті көмекті көрсетуге дайын екенін атап өтті. Жақын арада Қазғарыш кәсіпорындары бірлескен жобалар аясында Біліктілікті арттыру мен тағылымдамадан өту үшін өзбек мамандарын қабылдай алады.