Пресс-центр/
Жаңалық

«Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК «МАКС-2021» жұмысына қатысты

Автор - Нургалиева Сара Кабиевна
Аудармашы -
Күн: 21.07.2021

НҰР-СҰЛТАН -ЖУКОВСКИЙ, МӘСКЕУ ОБЛЫСЫ. ҚАЗАҚПАРАТ – Хабарланғандай, Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрі Бейбіт Атамқұлов бастаған қазақстандық делегация «МАКС-2021» Халықаралық авиациялық-ғарыш салонына қатысуда. Қазақстандық делегация басшысының Роскосмос басшысымен кездесуі кезінде ғарыш қызметіндегі Ресей-Қазақстан ынтымақтастығының қазіргі жағдайы мен перспективалары талқыланды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«МАКС-2021» жұмысына Қазғарыштың үш кәсіпорны экспоненттер ретінде қатысады: «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ (ҚҒС), «Республикалық ғарыштық байланыс орталығы» АҚ (РҒБО), «Бәйтерек» БК» АҚ. Аэроғарыш салоны аясында «ҚҒС» ҰК» АҚ және ресейлік кәсіпорындар «Главкосмос» АҚ мен «Гонец» жерсеріктік жүйесі» АҚ арасында ынтымақтастық туралы үшжақты меморандумға қол қойылды. Қазақстандық тарап құжатына «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ компаниясының Басқарма төрағасының орынбасары, авиация генерал-майоры, ҚР ұшқыш-ғарышкері Айдын Айымбетов қол қойды. Құжат үш компанияның ғарыштық қызметтің әр түрлі салаларында, соның ішінде Қазақстан Республикасының аумағында «Гонец» жерсеріктік жүйесіне негізделген жерсеріктік байланыс технологияларын қолдануда ынтымақтастықты көздейді, деп хабарлайды «ҚҒС» ҰК» АҚ баспасөз қызметі.

«Біз Ресеймен ғарыш саласындағы ынтымақтастықтың дамып келе жатқанына қуаныштымыз, бұл біздің елдерімізге ғылыми және жоғары технологиялар саласында үлкен перспективалар ашады. Менің ойымша, өзара стратегиялық серіктестік жақын болашақта жаңа кәсіби шеберлікке сұраныс пен дамудың кең мүмкіндіктерін, инновациялық тәсілді қажет ететін мамандықтардың пайда болуын қамтамасыз етеді», - деп Айдын Айымбетов меморандумға қол қойылғаннан кейін баса айтты. «Главкосмос» АҚ ынтымақтастық жобасының интеграторы ретінде әрекет етеді, оның сатыларын Ресей жағынан «жіксіз» жүзеге асыруды қамтамасыз етеді, деп атап өтті Роскосмос баспасөз қызметі. «Біздің жақын көршіміз және серіктесіміз Қазақстанмен ғарыш саласындағы белсенді ынтымақтастық екі ел арасындағы дәстүрлі байланыстарды нығайтып қана қоймай, сонымен қатар бұл қазіргі уақытта қажет, жоғары деңгейдегі серіктестіктің дамуына ықпал етеді, бұл ғарыштық байланыс саласында жұмыс істейтін адамдар үшін өте заманауи мамандықтарға деген сұранысты қамтамасыз етеді», - деді «Главкосмос» АҚ директоры Дмитрий Лоскутов.

Сондай-ақ, «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ мен «Профессор Н.Е.Жуковский атындағы Орталық аэрогидродинамикалық институты» («ЦАГИ») Федералдық мемлекеттік унитарлық кәсіпорны арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Тараптар ғарышты зерттеу мен игеру саласындағы серіктестіктік қатынастар мен ынтымақтастықты өзара дамыту туралы келісімге қол жеткізді. «МАКС-21» шегінде «Республикалық ғарыштық байланыс орталығы» АҚ мен «Бәйтерек» БК» АҚ өкілдері серіктестермен, аэроғарыш көрмесіне келушілермен жұмыс кездесулерін өткізді. Мәскеу жанындағы Жуковский қаласында өтетін «МАКС-21» Халықаралық авиациялық-ғарыш көрмесі 20 шілдеден 25 шілде аралығында жалғасады, ал бүгіннен бастап әуе көрмесі көпшілікке ашық болады. Әуе көрмесі он бесінші рет өткізіліп отыр, оған 140 мыңнан астам маман, сонымен қатар 570 мыңнан астам қатысушылар мен қонақтар жиналады.