Пресс-центр/
Жаңалық

«Біз инженерлердің жаңа буынын жақтаймыз!» - Қазақстанның ғарыштық байланыс мамандары

Автор - Нургалиева Сара Кабиевна
Аудармашы - Алуа А. Сарбалина
Күн: 24.01.2022

*ҚАЗАҚСТАН * ПРЕЗИДЕНТ * ИНЖЕНЕРЛЕР * ҮН ҚОСУ *ЭКСКЛЮЗИВ *

«Біз инженерлердің жаңа буынын жақтаймыз!» - Қазақстанның ғарыштық байланыс мамандары

НҰР-СҰЛТАН. ҚАЗАҚПАРАТ – Республикалық ғарыштық байланыс орталығының (РҒБО) қызметкерлері барша қазақстандықтар сияқты Қазақстан Президентінің соңғы сөйлеген сөздерін зор ықыласпен тыңдап, Мемлекет басшысының барлық бастамаларын қолдайтындықтарын білдіреді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

РҒБО ұжымының негізгі бөлігін инженерлер құрайды, сондықтан ел Президентінің «техникалық мамандықтарға басымдық берілуі керек, инженерлер мен өнеркәсіпшілердің жаңа буынын тәрбиелеу керек» деген ұсынысы олар үшін ерекше өзекті болды.

«Бүгінгі таңда біз оқыған және Қазғарыш Қазақстанның жоғары білім беру жүйесіне енгізген «ғарыштық техника және технологиялар» мамандығы өзекті және сұранысқа ие. Біз осы ғарыштық мамандықтардың алғашқы түлектерінің өкілдеріміз», - дейді РҒБО жас мамандары Дарья Комарова мен Карина Пангиреева.

Қыздар 2021 жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың механика-математика факультетін аяқтап, 2021 жылдың жазында Алматыдан келген және жарты жылдан бері «Kazsat» байланыс және хабар тарату ғарыш аппараттарының Ұшуларды басқару орталығында ғарыштық байланыс инженерлері болып табысты еңбек етуде.

«Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жақында өткен отандық ірі бизнес өкілдерімен кездесуінде білім беруде, оның ішінде халықаралық «Болашақ» бағдарламасы бойынша, техникалық мамандықтарға баса назар аударылатыны тағы да айтылды. Біз инженерлердің жаңа ұрпағы үшін!» - деп өз пікірлерімен бөліседі қыздар.

Жас мамандар ғарыш байланысы торабының инженерлерінің біліміне тәжірибенің алғашқы күндерінен бастап, кейіннен жұмыс істеп жатқанда тәнті болғанын, барлық қызметкерлердің ілтипатын, қамқорлығын, жылы лебізін сезінгендерін айтты. «Ғарыш техникасының инженері ретіндегі заманауи мамандығымыз, қазақстандық ғарыштық байланыс мамандарының біртұтас ұжымы, ғарышқа деген сүйіспеншілігіміз бізге «Kazsat» байланыс ғарыш аппаратының қалай жұмыс істейтінін, жерсеріктерді қалай басқаруға болатынын түсінуге, мемлекеттік маңызы бар іс – елімізді – Қазақстан Республикасын ғарыштық байланыспен үздіксіз қамтамасыз ету ісіне шынайы атсалысуға мүмкіндік берді!», – деп түйіндеді қыздар. Өз кезегінде «РҒБО» АҚ басшылығы кәсіпорынның Қазақстанның ғарыш саласы үшін техникалық мамандарды даярлау мақсатында еліміздің жетекші жоғары оқу орындарымен ұзақ жылдар бойы ынтымақтаса келе жатқанын атап өтеді.

«Kazsat» ұлттық ғарыштық байланыс және хабар тарату жүйесі – ҚР жалпы телекоммуникация құрылымының бір бөлігі ретінде штаттық режимде жұмыс істейді», - деп атап өтті РҒБО-да.